2023 жылдың 17 қарашасы күні Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің 100 жылдығына орай, «Архив- ел тарихының шежіресі» атты салтанатты шарасы мен «Тарих және архив: тың деректерді анықтау және зерттеу мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Шараның салатанатты бөлімінде «Ақтөбе облысының архивінің жетістіктері» туралы фото көрме және Ресей Федерациясының архивтерінен: Орынбор облысының мемлекеттік архивінен, Ресей мемлекеттік тарихи архивінен (Санкт-Петербург қаласы), Башқұртстан Республикасының Ұлттық архивінен (Уфа қаласы) әкелінген құжаттардың көшірмелерінен тұратын «Шетелдік архивтердегі құнды құжаттар» атты көрме ұсынылды.
Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві қорларының құжаттары мен материалдары негізінде жинақталған «Ұлы Отан соғысының тарихынан 1941-1945 жж.» атты ғылыми-көпшілік жинағының және «Ақтөбе облысының мемлекеттік архивіне – 100 жыл» кітабының тұсауы кесілді.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Қарсақбаева Гүлзира Елібайқызы, Ақтөбе облысының әкімі Шахаров Асхат Берлешұлы, облыс әкімінің орынбасары Елеусінова Бұлбұл Ораққызы, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Балмағамбетова Мәншүк Салімқызы, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ АОФ төрағасы Табылдинова Назира Сарсенбайқызының және отандық архивтердегі әріптестердің ресми құттықтаулары және облыстық мемлекеттік архивтің қызметкерлері мен ардагерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Шараға ҚР Ұлттық архивінің директоры С.Е.Нұрланова, ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Б.Ж.Шайлазымов, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры С.Қ.Шілдебай, ҚР Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінің директоры Б.А.Жұматаева, сонымен қатар республикалық, облыстық, қалалық, аудандық мемлекеттік архив мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, архив саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, тарихшылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Шараның екінші бөлімінде «Тарих және архив: тың деректерді анықтау және зерттеу мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда архив ісінің жағдайы мен даму келешегі, қоғамдық сананы жаңғыртудағы архивтердің рөлі, Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарының сақталуы, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру, Отандық архивтердің әріптестік қарым-қатынастарын дамыту, үздік архивтік тәжірибелермен бөлісу, «Архив-2025» кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мәселелері мен шешу жолдары талқыланды.