Шараның құрметті қонақтары Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Алтынай Юнисова, Ақтөбе облыстық маслихатының депутаты Естай Ибрагимұлы, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Назира Сарсенбаева, архив саласының ардагері Нұржамал Құлбаева және Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің директоры М.Тулебай бүгінгі айтулы күні ерекше құрметке лайықты жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Шара барысында архив ісі саласының дамуына қосқан елеулі еңбектері үшін облыстық, аудандық мемлекеттік архив және ведомствалық архивтердің 20 дан астам мамандары «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен, «Құрмет грамотысымен, «Алғыс хаттармен», «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды. Бұл марапаттар мен жетістіктер архив ісін дамытуда аянбай еңбек еткен жандардың мәртебесі мен мерейін арттыратын құрметтің айғағы болары анық.
Ел тарихының асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап жүрген бағасы биік мамандық иелерінің құрметіне мерекелік концерт ұсынылып, «Қазақ архиві» атты архившілердің әнұранымен жалғасты.
Сонымен қатар, шарада «Ақтөбе қаласы архивтік фотоқұжаттарда» фотоальбомының таныстырылымы, «Ақтөбе облысының архивінің жетістіктері» туралы фото көрме және «Ақтөбе облысындағы архив қызметінің қалыптасуы мен дамуы» туралы видеофильмі көрсетілді.