2023 жылдың 21 қыркүйегінде Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің бастамасымен «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында қала тұрғындарына, жоғары оқу орындарының студенттеріне, мектеп оқушыларына арнап «Ашық есік күні» іс-шарасын өткізді.
Шараның мақсаты: Архив қорларындағы дереккөздерді пайдалана отырып, Қазақстан тарихына, қоғамның ұлттық мәдениетіне ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жастарды жұмылдырып, қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды, Отанға, туған жерге деген патриоттық сезім мен адамгершілік сананы бойларына сіңіру және өскелең ұрпаққа кеңінен тарату болып табылады.
Шараға Жалпы орта білім беретін «SMART BILIM» мектеп гимназиясының және Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-11 сынып оқушылары қатысты.
Шара барысында оқушыларға Ұлттық архив қорын құнды құжаттармен толықтырып отырған облыстық архив мекемесінің тарихы, маңыздылығымен қоғамдағы ролі, тыныс – тіршілігі туралы мәліметтер беріліп, көрмелермен таныстырылып, тарих қойнауына экскурсия жүргізілді.
Көрмеге архив қорында сақталған аса құнды, ең көне құжаттар 1860-1865 жылдардан бастап Ақтөбе қаласының метрикалық-шіркеу кітаптарындағы тұрғындардың туу, некеге тұруы туралы, «Торғай облысының шолулары» статистикалық журналы ХІХ-ХХғ.ғ., «Актюбинский городской вестник» әдеби–шаруашылық журналы 1913-1914ж.ж., «Степная правда», «Киргизская степь» 1921ж., «Кедей» 1928ж.,1929ж. газет материалдары, Ресей мемлекеттік архивтерінен әкелінген өңіріміздің тарихына қатысты құнды құжаттармен қатар «Шығанақ шыққан-шың» ақ тарының атасы, атақты диқан Ш.Берсиевтің, Қазақтың батыр қызы, Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың жеке тектік қорлары негізінде жасақталған деректер қойылды.
Сонымен қатар, архив саласының қызметі туралы «Кешегі тарихымыз -ертеңгі болашағымыз» атты деректі фильм және «Қазақтың батыр қызы – Әлия Молдағұлова» туралы бейнеролик көрсетілді.