2021 жылдың 1 наурызында Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері «Қоғамдық келісім» КММ-ң ғимаратында 1 наурыз – Қазақстан ұлттарының алғыс айту күні аясында «Қазақстан халықтары. Тарих және тағдырлар» тақырыбында фото-құжаттық көрме ұйымдастырды. Шара барысында Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, облыс әкімінің орынбасары М. Шермағамбет, Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасының басшыс А. Купенов және ұлттық диаспора өкілдері Қазақстанға және Ақтөбе облысына ұлт өкілдерінің қоныстану тарихымен архив құжаттары негізінде танысты. Көрмеге архив қорында сақталған Қазақстан компартиясы Ақтөбе облыстық комитетінің, облыстық атқару комитеттерінің, аудандық комитеттердің құжаттары қойылып, 1939-1945жылдар аралығындағы қуғын- сүргінге ұшыраған ұлттардың Қазақстанға күштеп қоныс аударылуы, Ақтөбе облысының аумағында орналастырылуы, құқықтары мен міндеттері, облыстағы ауылшаруашылығы мен өнеркәсібі дамуындағы еңбегі, қазақ халқының қоныстанушыларға көрсеткен көмегі, ыстық ықыласы туралы мол мағлұмат береді. Архив деректерімен жасақталған көрменің маңыздылығын Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин жоғары бағалады.