Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» №456 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінің зерделеп, жинақтауымен «Алашорда ісі 1920-1940» атты 12 томдық құжаттар мен материалдар жинағы баспадан 2023 жылы жарыққа шықты.
Бұл жинақта Алаш қозғалысының басшылары Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, Х.Досмұхамедовтың, М.Шоқайдың, Х.Болғанбаевтың т.б. танымал тұлғалардың азаттық жолындағы күресі мен қасіретті тағдыры көрініс тапқан.
Сондай-ақ жазықсыз репрессия құрбанына айналған тарихи тұлғалар туралы бұрын-соңды жарияланбаған тың деректер орын алған.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің «Алашорда ісі 1920-1940» атты 12 томдық құжаттар мен материалдар жинағы Ақтөбе облысының мемлекеттік архивіне тарту етіліп, ғылыми-анықтамалық кітапхана қоры құнды кітаптармен толықты.
Ғылыми басылым гуманитарлық ғылым саласының мамандарына, тарихшыларға, ЖОО оқытушыларына, докторанттар, магистранттар мен студенттерге, сондай-ақ ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихына қызығушылық танытатын қалың оқырман қауымға арналған.