Жаңалықтар

«Ерліктің шырақшысы» атты еске алу кеші

16.10.2024

2024 жылдың 16 қазаны күні, Ақтөбе қаласындағы №27 мектеп-лицейінде Ақтөбе облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Әлиятанушы-ғалым Ғалымжан Ермағанбетұлы Байдербестің туған күніне орай «Ерліктің шырақшысы» атты еске алу кеші өтті.
40 жылдан астам ғұмырын Шығыстың қос шынары атанған қазақтың батыр қыздары Әлия мен Мәншүкті зерттеуге арнаған Ғалымжан Ермағанбетұлын еске алу шарасына Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкері Еркін Бақтияров қатысты.
Шара барысында Ғалымжан Ермағанбетұлының қызы Ақмарал Байдербес пен атасының жолын жалғастырушы, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әмина Молдағалиева қатысып, Ғалымжан Ермағанбетұлы туралы естеліктерімен бөлісті.
Іс-шарадан кейін кеш қонақтары кезінде Ғалымжан Ермағанбетұлы Байдербестің мектептен ашып кеткен Әлия-Мәншүк музейінің экспонаттарын тамашалады және өздерімен бірге алып келген құнды жәдігерлерін табыс етті.
Ақмарал Ғалымжанқызы осы еске алу кешін ұйымдастыруға атсалысқан мектеп-лицей ұжымына «Қос шынар» қоғамдық бірлестігі атынан ризашылығын білдіріп, «Алғыс хат» табыс етсе, мектеп басшысын Әлия-Мәншүк атындағы медальмен марапаттады.
Есімі күллі ТМД елдеріне танымал Ғалымжан Ермағанбетұлының жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолында атқарып кеткен өнегелі ісі әрқашан біздің жүрегімізде сақталады.
Ғалымжан ағамыз ерлік пен еңбектің ешқашан ұмытылмайтындығын дәлелдеп кеткен жан болды, оның еңбек жолы кейінгі ұрпаққа өнеге.