

2026 жылдың 28 қазан күні Ақтөбе облысының мемлекеттік архиві қызметкерлерінің қатысуымен №45 жалпы білім беретін орта мектебінің ұйымдастыруымен «Асау Барақ Батыр – ұлт рухының символы» тақырыбында тарихи танымдық конференция өтті.
Шараның мақсаты- Асау Барақұлының өмірі мен тарихи тұлғасын кеңінен таныту, оның ерлігі мен өнегелі өмірін дәріптеу, тарихи мұрасын сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар өңір тарихына қатысты құнды тарихи құжаттарды көпшілік назарына ұсынып, жас ұрпақтың туған өлке тарихына деген қызығушылығын арттыру болып табылады.
Шараға «Labaq Asau Baraq Alash Qazaq» өкілдері мен мүшелері, «СНПС-Ақтөбе мұнайгаз» АҚ АҰ ҚБ төрағасы, Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасының мен Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің қызметкерлері және №45 жалпы білім беретін орта мектебінің ұстаздарымен, оқушылары қатысты.
Шара барысында Асау Барақұлының өмірі мен ерлік жолына қатысты тарихи деректер негізінде әзірленген кітаптар көрмесі таныстырылды.
Мектептің өнерлі де өнегелі жас ұрпақтары батыр рухына арналған жырлар мен жыр шумақтарын нақышына келтіре орындап, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, оқушылар Асау Барақ батырдың бейнесін қарындашпен салып, өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Конференция аясында, Ақтөбе облсының мемлекеттік архивінің дереккөздері негізінде Шетелдік архивтерден әкелінген құжаттар бойынша тарихи – құжаттық көрме ұсынылды. Көрмеде Орынбор облысының мемлекеттік архивінен алынған, 1826 жылғы 19 қарашадағы құжатта Асау Барақ батырға қатысты тарихи мәліметтер де қамтылды.
Бұл тағылымды шара-ұлт тарихын ұлықтауға, тарихи тұлғалардың өнегелі өмірін жас ұрпаққа танытуға және құнды архив құжаттары арқылы өткенімізді зерделеуге бағытталған маңызды бастама болды.