

25 қазан – Республика күніне орай Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде Ақтөбе қаласындағы №38 жалпы білім беретін орта мектептің оқушыларына арналған «Қазақстан Республикасы – елдігіміздің еңсесі» тақырыбында танымдық сағат ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа архив құжаттарының тарихи маңызын түсіндіру, отандық тарихқа деген қызығушылығын арттыру, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы маңызды тарихи кезеңдермен таныстыру және мемлекетіміздің егемендігін айшықтайтын құжаттық деректерді насихаттау.
Танымдық сағат барысында оқушыларға архив мекемесінің қызметі, тарихи құжаттарды жинақтау, сақтау және ғылыми айналымға енгізудің маңызы туралы кеңінен ақпарат беріліп, архив қорларында сақталған құнды тарихи деректер негізінде, 1990 жылдан бастау алған еліміздің егемендік тарихын айғақтайтын газет басылымдарынан жасақталған «Ел тарихы – ұрпаққа аманат» құжаттық-көрмесі оқушылар назарына ұсынылды. Көрмелер арқылы жасөспірімдер еліміздің қалыптасу тарихына қатысты құнды мәліметтермен танысып, тарихи құжаттардың өткенді танудағы рөліне көз жеткізді.
Іс-шара аясында Республика күніне арналған танымдық викторина сұрақтары ұйымдастырылды, оқушылардың тарихи білімі мен ел тарихына деген қызығушылықтарын көрсетіп, қойылған сұрақтарға белсенді жауап беріп, өз білімдерін ортаға салды.
Іс-шара соңында оқушылар алған әсерлерімен бөлісіп, тарихи мұраларды зерделеуге, архив құжаттары негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қызығушылық танытты.
Танымдық сағат жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және ел тарихына деген құрметін арттыруға бағытталған мазмұнды іс-шара болды. #RepublicDayKazakhstan #РеспубликаКүні