2026 жылдың 22 қыркүйек күні Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде Ашық есік күні аясында «Қазақтың батыр қызы Сапура Мәтенқызының тарихи тұлғасын, ерлігін ұлықтау» тақырыбында тағылымды тарихи-танымдық шара өткізілді.
Бұл шара- Қазақ тарихындағы ерлігімен ел есінде қалған батыр қыз Сапура Мәтенқызының тарихи тұлғасын кеңінен таныту, ерлігі мен өмірін насихаттау, оның тарихи мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар жинақталған құнды тарихи материалдарды Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің қорына табыстау болып табылады.
Шараға онлайн форматта Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Н.Жетпісбай, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты А.Мәден, Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің Қобда бөлімінің меңгерушісі Г.Ерғалиева, Ақтөбе облысының қоғамдық кенесінің мүшесі, тарихшы-өлкетанушы И.Бітік, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері, БАҚ өкілдері және облыстық архив қызметкерлері қатысты.
Шара барысында қонақтар Сапура Мәтенқызының есімін ұлықтау, ерлігі мен өмірін насихаттау, ел арасындағы құнды мәліметтерді жинақтау, тарихи деректерді іздестіру бағытында атқарылған жұмыстарымен бөлісіп, қолжазбалар мен құжаттарды сақтау, мақалалар мен зерттеу еңбектерін жариялау, түрлі іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастыру арқылы, тұлғаның есімін көпшілікке таныту мақсатында жүзеге асырылған игі бастамалары туралы баяндады.
Ел тарихы-ұрпаққа аманат бұл игі бастама ҚР «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңына сәйкес Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінің қорына сақтауға қабылданады.
Ұлттық мұраны ұлықтап, тарихи құндылықтарды келешекке жеткізу – баршамыздың ортақ қасиетті міндетіміз болғандықтан, осы қабылданған құжаттар мен деректер келешекте зерттеушілердің, тарихшылардың, өлкетанушылардың ғылыми ізденістеріне қызмет ететіні сөзсіз.
Сонымен қатар, шара барысында жинақталған материалдар негізінде «Қазақтың Батыр қызы Сапура Мәтенқызы – ерлігімен ел есінде» – тақырыбында тарихи – құжаттық көрмесі ұсынылды.

